# Kaspi кассирін қалай қосу керек

> Екі бөліктен тұратын қадамдық нұсқаулық: алдымен Kaspi Pay қосымшасында «Кассир» рөлін ашасыз, содан кейін кабинетте нөмірді SMS коды арқылы байланыстырасыз. Бәрі 2-3 минут алады.

## Қысқаша

Қосу екі бөліктен тұрады. Алдымен **Kaspi Pay қосымшасында** (веб-кабинет емес) Настройки → Сотрудники → Добавить сотрудника, рөлі «Кассир». Сосын сол нөмірмен бір рет кіріп активация жасайсыз да, қосымшадан шығып кетесіз. Содан кейін [кабинетте](https://qut.kz/app/kaspi/) атауын жазып «Кассир қосу» дейсіз, нөмірді енгізесіз, SMS кодын алып «Растау» дейсіз. Бәрі 2-3 минут. Байланыстырған соң ол нөмірмен Kaspi Pay-ге кірмейсіз.

## Бастамас бұрын

Нөмірді тексеріп алыңыз — қосудағы кедергілердің барлығы дерлік осыдан шығады. Үш шарт: нақты SIM, SMS қабылдайтын; нөмір иесінің ЖСН-іне Kaspi Pay-де ЖК/ЖШС тіркелмеген және иесі кәмелетке толған; нөмірде тек «Кассир» рөлі. Толығы: [Кассир нөміріне қойылатын үш шарт](/kb/cashier-number-requirements).

Кассир нөмірі тұрған телефон қолыңызда болсын: SMS коды шамамен бір минут қана жарамды, ал бүкіл процесс бір терезе — шамамен он минут.

## 1-бөлім. Kaspi Pay қосымшасында

1. **Kaspi Pay қосымшасын** ашыңыз. Дәл қосымша керек — веб-кабинеттен қызметкер қосылмайды.
2. **Настройки** бөліміне кіріңіз.
3. **Сотрудники** → **Добавить сотрудника**

![Kaspi Pay: Настройки мәзірі, Сотрудники тармағы](/docs/img/kaspi-employees-menu.svg)

![Қызметкер рөлін таңдау: тек «Кассир» жарайды](/docs/img/kaspi-role-picker.svg).
4. Кассир нөмірін енгізіңіз.
5. Рөлін **«Кассир»** етіп қойыңыз. Kaspi-дегі бес рөлдің (Управляющий, Бухгалтер, Кассир, Менеджер Магазина, Менеджер Маркетинга) тек осысы жарайды: QR арқылы төлем қабылдау құқығы «Кассир»-де ғана.
6. Сақтаңыз.

## 2-бөлім. Нөмірді активациялау

Жаңа қызметкер Kaspi-де бірден белсенді болмайды. Сол нөмірмен **Kaspi Pay-ге бір рет кіріп**, активациядан өтіңіз де, **қосымшадан шығып кетіңіз**.

Бұл — қосымшаға кіретін жалғыз сәт. Осыдан кейін сол нөмірмен Kaspi Pay-ді ашпаңыз: Kaspi бір кассирге бір ғана белсенді құрылғыға рұқсат береді, ал қосымшаға кірсеңіз біздің байланыс үзіледі.

## 3-бөлім. Кабинетте байланыстыру

1. [Kaspi кассирлері](https://qut.kz/app/kaspi/) бөліміне кіріңіз.
2. Байланысқа **атау** беріңіз — мысалы, «Негізгі кассир» немесе «Абылай көшесіндегі нүкте». Бұл атау тек сізге, ажырату үшін.
3. **Кассир қосу** батырмасын басыңыз.
4. Кассир нөмірін енгізіп, SMS жіберуді сұраңыз.
5. Нөмірге келген кодты жазып, **Растау** дейсіз.

Байланыс картасы белсенді күйге көшеді. Енді счёт жасауға болады — кабинеттен қолмен де, `POST /api/v1/invoices` арқылы да.

## Қосылғаннан кейін

- **Ол нөмірмен Kaspi Pay-ге кірмеңіз.** Ең маңызды ереже. Нөмір басқа адамдікі болса, оған да ескертіңіз.
- **SIM белсенді болсын.** Оператор нөмірді өшірсе, байланыс жұмысын тоқтатады.
- **Кассир нөмірі клиентке көрінеді.** Kaspi счёт туралы хабарламада оны көрсетеді — бұл Kaspi-дің қалыпты жұмысы.
- **Кабинетке кассир нөмірімен кірмейсіз.** Кабинетке өз жеке нөміріңізбен кіресіз.
- **Кілтті кассирге байлауға болады.** Сонда сол кілттің live счёттары тек осы кассир арқылы жүреді, басқа кассирдің счёттарын көрмейді.

## Қандай қателер болуы мүмкін

| Не көріп тұрсыз | Себебі |
|---|---|
| Kaspi пароль немесе видеоверификация сұрайды | Нөмір жарамайды — басқа нөмір керек |
| ЖСН сұрайды немесе «нөмір табылмады» | 1-бөлім жасалмаған: нөмір «Сотрудники» ішінде жоқ |
| SMS келмейді | SIM өшік, нөмір қате, немесе Kaspi уақытша шектеген |
| Кодты енгізсем қабылдамайды | Код өтіп кеткен, жаңасын сұраңыз |

Әрқайсысының толық шешімі: [Кассир қосылмай жатыр — себебі және шешімі](/kb/cashier-not-connecting).

## Кассирсіз де бастауға болады

Қосуды кейінге қалдырғыңыз келсе, [sandbox режимінде](/kb/sandbox-vs-live) кассир мүлде керек емес. Интеграцияны толық жазып, webhook-ты сынап, счёттардың өңделуін тексеріп қоясыз. Sandbox сынақ мерзімін бастамайды — ол бірінші нақты счёттан басталады.

## Жиі қойылатын сұрақтар

**Қанша уақыт алады?** Нөмір дұрыс таңдалса — 2-3 минут. Уақыттың көбі нөмірді таңдауға кетеді, байланыстырудың өзіне емес.

**Бірнеше кассир қосуға бола ма?** Иә. Әр кассир — жеке байланыс, жеке нөмір. Біреуі үзілсе, қалғандары жұмысын жалғастырады.

**Кассирді өшірсем не болады?** Жаңа счёттар сол кассир арқылы жасалмайды. Бұрын төленген счёттар мен есептер орнында қалады.

**Kaspi Pay қосымшасында «Сотрудники» бөлімін көрмей тұрмын.** Ол бөлімге кіру құқығы аккаунт иесінде немесе тиісті рөлі бар адамда болады. Kaspi Pay-ге бизнес аккаунтының иесі ретінде кіргеніңізді тексеріңіз.

**Нөмірді кейін ауыстыруға бола ма?** Иә. Kaspi Pay-де жаңа нөмірге «Кассир» рөлін ашасыз да, кабинеттен қайта байланыстырасыз. API кілттеріңіз бен webhook баптауларыңыз өзгермейді.
