# Кассир байланысы үзілді — қалай қалпына келтіру

> Счёттар кенет жасалмай қалса, Kaspi сессиясы үзілген. Қалпына келтіру бір минут алады. Себебі, қадамдары және қайталанбауы үшін не істеу керек.

## Қысқаша

Kaspi бір кассир нөміріне **бір ғана белсенді құрылғыға** рұқсат береді. Сол нөмірмен біреу Kaspi Pay қосымшасына кірсе, Kaspi біздің сессияны үзеді де, счёт жасау тоқтайды. Қалпына келтіру — кабинет → **Kaspi** → байланыс картасындағы нөмірді енгізіп, SMS кодын растау. Шамамен бір минут. Қайталанбауы үшін кассир нөмірімен Kaspi Pay-ге кірмеңіз.

## Қалай білесіз

Үш белгісі бар:

- **Telegram-ға ескерту келеді.** Бот «Kaspi байланысы үзілді» деп жазады (бот қосулы болса).
- **Кабинетте байланыс картасы белсенді емес болып тұрады.** Kaspi бөлімінде сол кассирдің қасында «Себебі» деген жол шығады, көбіне «Басқа құрылғыдан кіру».
- **Жаңа счёттар қате қайтарады.** API `kaspi_session_expired` немесе соған ұқсас қате береді, кабинеттен счёт жасағанда да қате көрсетіледі.

Бұрын жасалған, әлі төленбеген счёттар жоғалмайды. Байланыс қалпына келгенде олардың күйі қайтадан тексеріле бастайды.

## Қалпына келтіру

1. Кабинетке кіресіз: [Kaspi кассирлері](https://qut.kz/app/kaspi/)
2. Белсенді емес байланыстың картасын табасыз
3. Кассир нөмірін енгізіп, **SMS жіберу** батырмасын басасыз
4. Сол нөмірге келген кодты жазып, **Растау** дейсіз

Болды. Жаңа API кілт жасаудың қажеті жоқ, ескі кілттер сол күйі жұмыс істей береді. Webhook адресі де өзгермейді.

Бастар алдында кассир нөмірі тұрған телефон қолыңызда екеніне көз жеткізіңіз: SMS коды шамамен бір минут қана жарамды.

## Неге үзілді

Ең жиі кездесетін үш себеп.

**1. Кассир нөмірімен Kaspi Pay-ге кірген.** Ең жиі кездесетіні. Нөмір иесі өз телефонынан Kaspi Pay қосымшасын ашса, Kaspi оны жаңа құрылғы деп санап, бізді шығарып жібереді. Kaspi-дің бұл шектеуі қауіпсіздік үшін жасалған, айналып өтуге болмайды.

**2. Kaspi Pay-де қызметкер өшірілген немесе рөлі өзгерген.** Біреу кассирді «Сотрудники» тізімінен алып тастаса немесе рөлін «Кассир» емес етіп ауыстырса, байланыс жұмысын тоқтатады.

**3. Kaspi жағындағы ұзақ үзіліс.** Сирек, бірақ болады. Бұл жағдайда қалпына келтіру де бірден істемеуі мүмкін, біраз күтіп қайталаңыз.

## Қайталанбауы үшін

- **Кассир нөмірімен Kaspi Pay қосымшасына кірмеңіз.** Бұл жалғыз әрі ең маңызды ереже.
- **Нөмір иесіне ескертіңіз.** Ол адам Kaspi Pay-ді ашпауы керек. Жеке Kaspi қосымшасына бұл тимейді, оны бұрынғыдай пайдалана береді.
- **Кассир нөмірін бөлек ұстаңыз.** Ол нөмір тек осы жұмыс үшін болсын, күнделікті телефоныңыз болмасын. Толығы: [Кассир нөміріне қойылатын үш шарт](/kb/cashier-number-requirements).
- **Telegram ботын қосыңыз.** Сонда байланыс үзілген сәтте бірден білесіз, клиенттеріңіз хабарлағанша күтпейсіз.
- **SIM белсенді болсын.** Оператор нөмірді өшіріп тастаса, қалпына келтіру де істемейді.

## Байланыс үзілген кезде не болады

| Не | Күйі |
|---|---|
| Жаңа счёт жасау | Істемейді, қате қайтады |
| Бұрынғы төленбеген счёттар | Сақталады, байланыс қалпына келгенде тексеріледі |
| Бұрын төленген счёттар | Тиылмайды, бәрі орнында |
| Қайтару жасау | Істемейді |
| API кілттер | Өзгермейді, қайта жасау керек емес |
| Webhook баптаулары | Өзгермейді |
| Sandbox режимі | Жұмысын жалғастырады, Kaspi қатыспайды |

## Жиі қойылатын сұрақтар

**Қайта байланыстырғанда жаңа кілт керек пе?** Жоқ. API кілттер мен webhook баптаулары сол күйі қалады.

**Бірнеше кассирім бар, бәрі үзілді ме?** Жоқ. Әр кассир — жеке байланыс, жеке құрылғы. Біреуі үзілсе, қалғандары жұмысын жалғастырады.

**Сол нөмірмен қайта байланыстыруға бола ма?** Иә, әдетте сол нөмір жарай береді. Бірақ нөмір Kaspi Pay-де қызметкер тізімінен алынып тасталған болса, алдымен қайта қосу керек.

**Жиі үзіліп тұрса не істеу керек?** Кассир нөмірімен біреу тұрақты кіріп жүр деген сөз. Нөмірді басқа, ешкім қолданбайтын нөмірге ауыстырған дұрыс: [Кассир ауысты немесе нөмірі өзгерді](/kb/change-cashier).
