# Мәселе менде ме, Kaspi-де ме — екі минуттық диагностика

> Үш сұраққа жауап беріп, ақаудың қай жақта екенін анықтайсыз: интеграцияда, Kaspi байланысында әлде қызметте. Әр жауапқа нақты әрекет және қолдауға не жинау керегі.

## Қысқаша

Төлем өтпей жатқанда уақытты кодты қазуға жұмсамаңыз. Үш сұраққа жауап берсеңіз, ақау қай жақта екені екі минутта белгілі болады: **sandbox-та істей ме**, **кабинеттен қолмен счёт шыға ма**, **басқа кассирде істей ме**. Бұл үшеуі мәселені үш бөлікке бөледі — сіздің кодыңыз, Kaspi байланысы, қызметтің өзі — әрі әрқайсысының шешімі бөлек.

Қосымша: `GET /api/v1/status` эндпоинті кілтсіз де жауап береді және қызметтің тірі екенін бір секундта көрсетеді.

## Сұрақ 1. Sandbox-та істей ме

`qp_test_` кілтке ауысып, дәл сол сұрауды қайталаңыз.

```bash
curl -i -X POST https://api.qut.kz/api/v1/invoices \
  -H "X-API-Key: qp_test_СІЗДІҢ_КІЛТІҢІЗ" \
  -H "Content-Type: application/json" \
  -d '{"amount":1000,"description":"Диагностика"}'
```

| Нәтиже | Қорытынды |
|---|---|
| Sandbox-та **істейді**, live-та істемейді | Kaspi жағы: кассир байланысы, ұйым немесе тариф |
| Sandbox-та да **істемейді** | Сіздің жағыңыз: сұрау, кілт, өрістер |

Бұл ең маңызды сұрақ. Sandbox Kaspi-ге мүлде жүгінбейді — егер онда да қате келсе, Kaspi-нің қатысы жоқ, қате сұрауыңызда. Жауаптағы `error` кодын оқыңыз: [401](/kb/api-401) және [403](/kb/api-403) қателерінің бөлек беттері бар.

## Сұрақ 2. Кабинеттен қолмен счёт шыға ма

Live режимде [кабинетке](https://qut.kz/app) кіріп, Счёттар бөлімінен қолмен бір счёт шығарыңыз.

| Нәтиже | Қорытынды |
|---|---|
| Қолмен счёт **шығады** | Kaspi байланысы тірі. Мәселе сіздің интеграцияңызда |
| Қолмен счёт та **шықпайды** | Kaspi байланысында немесе тарифте |

Бұл сұрақ кодты теңдеуден алып тастайды. Кабинет те, сіздің кодыңыз да сол бір жолмен жүреді: Qut Pay → Kaspi. Кабинеттен шықса, ол жол ашық деген сөз.

Қолмен де шықпаса, кабинеттегі **Kaspi** бөлімін ашыңыз: байланыс картасы белсенді ме, «Себебі» деген жол бар ма. Ең жиі кездесетіні — кассир нөмірімен біреу Kaspi Pay қосымшасына кіріп, сессияны үзгені.

## Сұрақ 3. Басқа кассирде істей ме

Бірнеше кассир қосулы болса, екіншісі арқылы счёт шығарып көріңіз.

| Нәтиже | Қорытынды |
|---|---|
| Екінші кассирде **істейді** | Мәселе нақты сол бірінші кассирде |
| Екеуінде де **істемейді** | Мәселе ұйым деңгейінде: тариф, аккаунт, Kaspi жағы |

Бір кассирде ғана құласа, тексеретіндер: SIM белсенді ме, Kaspi Pay-де сол қызметкер әлі бар ма, рөлі «Кассир» күйінде тұр ма, сол нөмірмен біреу қосымшаға кіріп кетпеді ме.

Бір ұйымға бірнеше кассир қосу туралы: [Бір ұйымға бірнеше кассир](/kb/two-cashiers).

## Қызметтің өз күйі

Үш сұраққа жауап бермес бұрын бір секундтық тексеру:

```bash
curl -s https://api.qut.kz/api/v1/status
```

Бұл эндпоинт API кілтсіз жұмыс істейді. Ол жауап берсе, қызмет тірі — яғни «сайттарыңыз құлап қалған ба» деген сұрақ жабылады. Жауап бермесе немесе ұзақ ойланса, мәселе біздің жақта, сіздің кодыңызды қазудың қажеті жоқ.

Бұл эндпоинтті мониторингіңізге қосып қойған дұрыс: сонда ақауды клиенттеріңіз хабарлағанша білесіз.

## Нәтижені оқу кестесі

| Sandbox | Кабинеттен қолмен | Қорытынды | Бірінші әрекет |
|---|---|---|---|
| Істейді | Шығады | Интеграцияңызда: live кілт, режим, өрістер | Кілт пен режимді салыстырыңыз |
| Істейді | Шықпайды | Kaspi байланысы немесе тариф | Кабинет → Kaspi, сосын Тариф |
| Істемейді | Шығады | Сұрауыңызда: тақырып, өрістер, кілт | `error` кодын оқыңыз |
| Істемейді | Шықпайды | Аккаунт деңгейінде немесе қызметте | `status` эндпоинтін тексеріп, қолдауға жазыңыз |

## Жиі шатасатын үш жағдай

**Тест режимі қосулы қалып қойған.** Sandbox-та бәрі тамаша істейді, счёттар жасалады, тек ақша ешқайда жүрмейді. Бұл ең жиі кездесетін «жалған ақау». Кілт `qp_test_` деп басталса, сіз sandbox-тасыз.

**Счёт жасалды, бірақ webhook келмеді.** Бұл екі бөлек мәселе. Счёт жасалып тұрса, Kaspi байланысы тірі, ақау webhook жағында: адрес, қолтаңба, жауап коды.

**Ақша келмеді деп ойлау.** Ақша бізде ешқашан болмайды, ол тіке Kaspi шотына түседі. Тексеретін жер — Kaspi Pay: [Счёт төленді, ақша түспеді](/kb/money-not-received).

## Қолдауға не жинау керек

Диагностика жауап бермесе, қолдауға жазыңыз. Мыналарды қоса жіберсеңіз, жауап бірден нақты болады:

- **Счёттың `id`-і** немесе `externalOrderId` мәні
- **Дәл уақыты**, сағат-минутымен және уақыт белдеуін көрсетіп
- **Қай режимде** болғаныңыз: sandbox па, live пе
- **Жауаптың толық мәтіні**: HTTP коды және `error` өрісі
- **Кілттің алғашқы он таңбасы** — толық кілтті ешқашан жібермеңіз
- **Үш сұрақтың жауабы**: sandbox-та істей ме, қолмен шыға ма, басқа кассирде істей ме

Байланыс арналары: WhatsApp +7 778 881 3333, Telegram @qutpaybot, email kazprose@gmail.com немесе кабинеттегі Қолдау бөлімі.

## Жиі қойылатын сұрақтар

**Kaspi жағында ақау бар-жоғын қайдан білемін?** Тікелей көрсететін бет жоқ. Бірақ sandbox-та бәрі істеп, live-та бірнеше кассирде қатар құлап тұрса, себебі Kaspi жағында болуы ықтимал.

**Диагностиканы live режимде жасауға бола ма?** Иә, бірақ сынақ счёттарын жасағанда соманы кішкентай қойыңыз және артынан болдырмауды ұмытпаңыз.

**Sandbox счёттары лимитке кіре ме?** Жоқ. Sandbox счёттары айлық лимитке есептелмейді және сынақ мерзімін бастамайды.

**`status` эндпоинті нені көрсетеді?** Қызметтің жұмыс күйін. Ол сіздің нақты кассиріңіздің байланысы туралы айтпайды — оны кабинеттегі Kaspi бөлімінен көресіз.

**Барлық үш сұрақ «істейді» десе, бірақ клиент төлей алмай жатса ше?** Онда мәселе клиенттің жағында болуы мүмкін: QR терезесінің өтуі, қосымшаның ескі нұсқасы, интернет. Жаңа счёт жасап көріңіз.
