# Төлем сілтемелері — тұрақты мекенжай арқылы қабылдау

> qut.kz/p/<slug> түріндегі тұрақты төлем сілтемесі: өз атауыңызды қою, белгіленген және ашық сома, тоқтату мен қайта қосу, счёт сілтемесінен айырмашылығы, есеп және қате кодтары.

## Қысқаша

Төлем сілтемесі — **тұрақты мекенжай**, мысалы `qut.kz/p/kofe`. Ол жасалғаннан кейін өзгермейді және мерзімі бітпейді: сол бір сілтемені Instagram профиліне, визиткаға, WhatsApp хабарламасына немесе кафедегі жапсырмаға қоя аласыз.

Клиент сілтемені ашқанда **сол сәтте жаңа счёт жасалады** және ол Kaspi арқылы төлейді. Яғни сілтеме — счёт емес, счёт шығаратын «шүмек».

Код жазудың қажеті жоқ: сілтеме кабинеттің **Сілтемелер** бөлімінде жасалады.

## Сілтеме мен счёт сілтемесінің айырмашылығы

Бұл екеуін жиі шатастырады.

| | Төлем сілтемесі (`qut.kz/p/<slug>`) | Счёт сілтемесі (`payUrl`) |
|---|---|---|
| Қашан жасалады | Бір рет, қолмен | Әр счётқа жеке, автоматты |
| Мекенжайы | Өзіңіз таңдайсыз | Кездейсоқ жасалады |
| Мерзімі | Шектеусіз | QR сканерлеу терезесімен шектелген |
| Неше рет төленеді | Шексіз, әр клиент өз счётын алады | Бір рет |
| Қайда қойылады | Профиль, визитка, жапсырма, хат | Тапсырыс бетіне redirect |
| Кім үшін | Кодсыз жұмыс істейтіндер | Сайт, қосымша, интеграция |

Қысқасы: **бір тапсырыс — счёт сілтемесі, тұрақты ұсыныс — төлем сілтемесі**.

## Жасау

Кабинет → **Сілтемелер** → сілтеме қосу. Толтыратыныңыз:

| Өріс | Не жазылады |
|---|---|
| Мекенжай (slug) | `qut.kz/p/` кейінгі бөлігі: `kofe`, `konsultaciya`, `donat` |
| Атауы | Клиент төлем бетінде көреді |
| Сома | Белгіленген сома немесе ашық сома |
| Түрі | QR немесе телефонға счёт |
| Сипаттама | Төлем бетіндегі қосымша мәтін |

Мекенжай үшін кіші латын әріптері, сандар және сызықша қолданылады. Қазақша немесе орысша әріп жазуға болмайды, бос орын да жарамайды.

Мекенжайды **бос емес** етіп таңдаңыз: біреу бұрын алып қойған атауды жазсаңыз `slug_taken` қатесі келеді. Қысқа әрі айтуға жеңіл атау таңдаңыз — оны клиент телефонға қолмен теруі мүмкін.

## Белгіленген және ашық сома

**Белгіленген сома.** Сілтемеде сома тұрады, клиент оны өзгерте алмайды. Бағасы тұрақты нәрсеге ыңғайлы: бір консультация, бір абонемент, бір тауар.

**Ашық сома.** Соманы клиенттің өзі енгізеді. Мына жағдайларда керек:

- әр клиентке сома әртүрлі (жеке тапсырыс, көрсетілген қызмет көлемі);
- алдын ала келісілген соманы қабылдайсыз (алдын ала төлем, депозит);
- сый, қайырымдылық, чаевые.

Ашық сомада ең аз және ең көп соманы белгілеп қоюға болады — клиент қате енгізіп жібермеуі үшін. Ашық сомалы сілтеменің қосымша нюанстары жеке жазылған.

Сома шектеулері әдеттегі счёттікімен бірдей: QR-да ең көбі екі ондық белгі, телефонға счётта тек бүтін теңге. Айырмашылығы: [QR счёт пен телефонға счёт](/kb/qr-vs-phone).

## Тоқтату және қайта қосу

Сілтемені жоймай-ақ **тоқтатуға** болады. Тоқтатылған сілтеме ашылғанда клиент «төлем уақытша қолжетімсіз» деген хабарды көреді, ал сол сілтеме бойынша бұрын жасалған счёттар күшінде қалады.

Мысалы:

- маусымдық тауар бітті — сілтемені тоқтатып, келесі маусымда қайта қосасыз;
- акция аяқталды — бағасын өзгерткенше тоқтатып қоясыз;
- сілтеме бөтен жерге тарап кетті — тоқтатып, жағдайды түсінесіз.

Қайта қосу сол жерде, бір батырмамен. Мекенжай сақталады, сондықтан жарнамадағы, визиткадағы сілтемелер істей береді.

**Жою** — біржолата. Жойылған мекенжайды кейін қайтару мүмкін емес, сондықтан күмән болса тоқтатумен шектеліңіз.

## Есеп: қай сілтемеден қанша түсті

Әр счётта ол қай сілтемеден жасалғаны сақталады. Соның арқасында:

- кабинеттің **Сілтемелер** бөлімінде әр сілтеме бойынша счёт саны мен төленген сома көрінеді;
- **Счёттар** бөлімінде сілтеме бойынша сүзуге болады;
- CSV экспортта көзі бір баған болып түседі, бухгалтерияға да, талдауға да жарайды.

Практикалық кеңес: жарнама арналарын бөлек өлшегіңіз келсе, **әр арнаға бөлек сілтеме** жасаңыз — `p/insta`, `p/tiktok`, `p/vizitka`. Мазмұны бірдей болса да, есепте қайсысы қанша әкелгені бірден көрінеді.

## Қате кодтары

| Код | HTTP | Не болды | Не істеу керек |
|---|---|---|---|
| `slug_taken` | 409 | Мұндай мекенжай бос емес | Басқа атау таңдаңыз |
| `link_invalid` | 410 | Сілтеме жарамсыз немесе жойылған | Жаңасын жасаңыз |
| `link_paused` | 410 | Сілтеме тоқтатылған | Кабинеттен қайта қосыңыз |
| `too_many_links` | 409 | Сілтеме саны шектен асты | Қажетсізін жойыңыз немесе тарифті қараңыз |

Клиент «сілтеме ашылмайды» деп шағымданса, ең алдымен сілтеме тоқтатылып тұрған жоқ па, соны тексеріңіз — `link_paused` ең жиі себебі.

Сілтеме арқылы жасалған счёттар да тариф лимитіне кіреді, сондықтан лимит біткенде сілтеме де счёт шығармай қояды.

## Кімге ыңғайлы

| Жағдай | Қалай қолданылады |
|---|---|
| Instagram арқылы сату | Профильдегі сілтеме немесе директтегі жауап |
| Фрилансер, жеке маман | Клиентке WhatsApp арқылы бір сілтеме |
| Кафе, шағын дүкен | Кассадағы немесе үстелдегі жапсырма |
| Іс-шара, билет | Ашық сомалы сілтеме немесе бірнеше баға деңгейі |
| Курс, консультация | Әр қызметке бөлек сілтеме |

Әзірлеуші жоқ болса, төлем сілтемесі — бастаудың ең қысқа жолы: [Әзірлеуші жоқ — қалай бастау керек](/kb/no-developer).

## Жиі қойылатын сұрақтар

**Бір сілтемені бірнеше клиент бір уақытта аша ала ма?** Иә. Әрқайсысына өз счёты жасалады, олар бір-біріне кедергі келтірмейді.

**Сілтеменің сомасын өзгертуге бола ма?** Иә, кабинеттен. Бұрын жасалған счёттарға әсер етпейді, жаңа сома келесі клиенттен бастап қолданылады.

**Сілтеме бойынша ақшаны қайтаруға бола ма?** Иә, әдеттегідей — қайтару жеке счёт бойынша жасалады, ол Счёттар бөлімінде көрінеді.

**Webhook келе ме?** Иә. Сілтемеден жасалған счёттар бойынша да әдеттегі `invoice.paid` және басқа оқиғалар келеді.

**Сілтеменің мерзімі бітеді ме?** Жоқ. Мерзімі бітетіні — сілтеме емес, сол сәтте жасалған счёт. Клиент кешігіп қалса, сілтемені қайта ашып, жаңа счёт алады.

**Sandbox режимінде сілтеме істей ме?** Иә, бірақ төлем шынайы болмайды — счёт тест режимінде жасалады.
