# Реферал бағдарлама

> Әр мерчанттың кабинетінде жеке реферал коды мен сілтемесі бар. Сол сілтемемен келген клиент тариф төлеген сайын сомадан 20 пайыз есептеледі. Қалай жұмыс істейді, есеп қайда көрінеді және төлем қалай жасалады.

## Қысқаша

Кабинеттегі **Серіктестік** бөлімінде әр ұйымның жеке реферал коды және дайын сілтемесі болады:

```
https://qut.kz/app/login?ref=КОД
```

Осы сілтемемен тіркелген мерчанттың бірінші ұйымы сізге бекітіледі. Ол **тариф төлеген сайын сомадан 20%** сізге есептеледі. Есептелген сыйақыны платформа қолмен төлейді.

Бұл бағдарлама әр мерчантқа қолжетімді — арнайы тариф керек емес, өтініш жазудың да қажеті жоқ.

## Қалай жұмыс істейді

| Қадам | Не болады |
|---|---|
| 1 | Кабинет → **Серіктестік** бөлімінен кодыңызды және сілтемеңізді аласыз |
| 2 | Сілтемені танысыңызға, клиентіңізге, өз аудиторияңызға бересіз |
| 3 | Адам сол сілтеме арқылы кіріп, тіркеледі. Оның **бірінші ұйымы** сізге «жабысады» |
| 4 | Ол тарифті төлейді |
| 5 | Төлем сомасының 20%-ы сіздің есебіңізге **«есептелді»** күйінде жазылады |
| 6 | Платформа сыйақыны төлейді, күйі **«төленді»** болады |

Маңызды бөлшектер:

- Байланыс **бір рет қана** орнайды және бірінші ұйымға бекітіледі
- **Өзіңізді өзіңіз шақыра алмайсыз** — өз кодыңызбен ашқан ұйым есептелмейді
- Сыйақы **әр төлемнен** есептеледі, тек біріншісінен емес: клиент тарифті төлей берген сайын есептеле береді
- Сілтемесіз, тек кодты айтуға да болады — адам кіру бетінде оны енгізе алады

## Қанша есептеледі

**Тариф төлемінің сомасынан 20%.**

Мысал ретінде ағымдағы тарифтер:

| Клиент қай тарифті төледі | Тариф бағасы | Сізге есептеледі |
|---|---|---|
| Бастау | 4 990 ₸ | 998 ₸ |
| Бизнес | 14 900 ₸ | 2 980 ₸ |
| Про | 39 900 ₸ | 7 980 ₸ |

Есеп клиенттің **әр төлемінен** жүреді. Яғни клиент Бизнес тарифінде бір жыл отырса, сізге он екі рет есептеледі.

Сынақ мерзімі тегін, сондықтан одан сыйақы шықпайды: есептеу бірінші нақты тариф төлемінен басталады.

## Есеп қайда көрінеді

Кабинет → **Серіктестік**. Онда:

- Кодыңыз және дайын сілтеме
- Сізге бекітілген клиенттер тізімі: атауы, режимі, тарифі, тіркелген күні
- **Есептелді** — әлі төленбеген жиынтық сома
- **Төленді** — бұрын төленген жиынтық сома
- Әр есептеудің жеке жазбасы: қай клиент, қай төлем, база сома, пайыз, күні

Partner API қолданатын серіктестер үшін сол мәлімет эндпоинт арқылы да қолжетімді:

```
GET /api/v1/partner/earnings
X-API-Key: qp_live_…
```

Бұл эндпоинт `partner:manage` scope-ын талап етеді: [Partner API](/kb/partner-api).

## Төлем қалай жасалады

Сыйақы **автоматты түрде аударылмайды**. Реті мынадай:

1. Клиент тариф төлейді → сізге сома «есептелді» күйінде жазылады
2. Платформа есептеулерді қарап, төлемді қолмен жасайды
3. Жазбаның күйі «төленді» болып өзгереді, төленген күні көрінеді

Төлем мерзімі мен әдісі туралы сұрақ болса, қолдау қызметіне жазыңыз: WhatsApp +7 778 881 3333, Telegram [@qutpaybot](https://t.me/qutpaybot). Қалай жазу керегі: [Қолдауға қалай жазу керек](/kb/support-how).

## Реферал мен Partner API — екі басқа нәрсе

Бұл екеуін жиі шатастырады.

| | Реферал | Partner API |
|---|---|---|
| Кімге қолжетімді | Кез келген мерчантқа | «Серіктес» тарифіндегі ұйымға |
| Не істейді | Сілтеме береді, сыйақы есептейді | Клиенттің ұйымын, кассирін, кілтін басқаруға мүмкіндік береді |
| Клиент не істейді | Өзі тіркеледі, өзі қосылады | Қосылуды сіз жасайсыз, ол тек SMS кодын айтады |
| Не керек | Ештеңе | «Серіктес» тарифі және `partner:manage` scope |

Реферал — тарату арнасы. Partner API — техникалық құрал. Екеуін қатар пайдалануға болады: Partner API-мен ашылған клиенттер де сіздің реферал есебіңізде көрінеді.

## Қалай тиімді пайдалану керек

Бірнеше практикалық кеңес:

- **Кімге ұсынатыныңызды ойлаңыз.** Kaspi Pay бизнес-аккаунты бар және онлайн сататын адамға ғана мағынасы бар
- **Сілтемені жеке беріңіз**, жаппай таратпаңыз. Спам арқылы келген адам тариф төлемейді
- **Қосылуға көмектесіңіз.** Клиент кассирді қоса алмай тастап кетсе, сыйақы да болмайды. Оған мына мақаланы беріңіз: [Kaspi кассирін қалай қосу керек](/kb/connect-cashier)
- **Күтуді дұрыс қалыптастырыңыз.** Kaspi өз комиссиясын өзі анықтайды, біздің қызмет ақысы — айлық жазылым. Артық уәде бермеңіз

## Жиі қойылатын сұрақтар

**Кодты қайдан аламын?** Кабинет → Серіктестік. Ол автоматты жасалады, ешқандай өтініш керек емес.

**Клиент сілтемесіз тіркеліп қойды, кейін байлауға бола ма?** Байланыс тіркелу сәтінде орнайды. Кейін қосуды қолдаумен талқылаңыз, бірақ кепілдік жоқ.

**Клиент тарифін ауыстырса ше?** Сыйақы әр төлемнің нақты сомасынан есептеледі, сондықтан жаңа тарифтің сомасынан жүреді.

**Клиент тарифті төлеуді тоқтатса?** Есептеу де тоқтайды. Қайта төлей бастаса, қайта есептеледі.

**Бірнеше ұйымым бар, қай кодты пайдаланайын?** Кодтар ұйым бойынша бөлек. Сыйақы сол коды бар ұйымға есептеледі, сондықтан біреуін таңдап, тұрақты пайдаланыңыз.

**Сыйақыны тариф төлеміне есептеуге бола ма?** Мұндай мүмкіндік автоматты емес. Қолдау қызметіне жазып сұраңыз.
