# Telegram бот үндемейді — тексеру реті

> Бот жауап бермесе немесе хабарлама жібермесе, себебі төртеудің бірі: чат ұйымға байланыспаған, бот бөгелген, топта құпиялық режимі қосулы немесе хабарлама түрі өшірілген. Ретімен тексеру.

## Қысқаша

Telegram боты (@qutpaybot) үндемей қалса, себебі әдетте төртеудің бірі: **чат ұйымға байланыспаған**, **бот бөгелген**, **топта құпиялық режимі** қосулы немесе **керекті хабарлама түрі өшірілген**. Бірінші әрекет — жеке чатта `/status` командасын жіберу: жауап келсе, мәселе байланыста емес, баптауда.

## Симптом → себеп → шешім

| Симптом | Себебі | Шешімі |
|---|---|---|
| Жеке чатта ешқандай командаға жауап жоқ | Бот бөгелген | Чаттағы «Разблокировать» батырмасы, сосын `/start` |
| `/start` істейді, `/today` «байланыс жоқ» дейді | Чат ұйымға байланыспаған | Кабинеттен байланыстыру кодын алыңыз |
| Топта командалар жұмыс істемейді | Топта құпиялық режимі қосулы | BotFather → `/setprivacy` → **Disable** |
| Топта командалар істейді, ескерту келмейді | Бот топта әкімші емес немесе хабарлама түрі өшірулі | Ботты әкімші етіңіз, кабинеттен түрлерді қосыңыз |
| Төлем туралы хабарлама келмейді, қалғаны келеді | Сол хабарлама түрі өшірілген | Кабинеттен қосыңыз |
| Бот бұрын істеп тұрған, енді үндемейді | Байланыс үзілген немесе бот топтан шығарылған | Қайта қосып, байланыстыру кодын қайта енгізіңіз |

## Тексеру реті

### 1. Бот жалпы тірі ме

Жеке чатта @qutpaybot-қа `/status` жіберіңіз.

- **Жауап келді** — бот тірі, мәселе байланыста немесе баптауда. 2-қадамға өтіңіз.
- **Ешқандай жауап жоқ** — бот бөгелген болуы мүмкін. Чатта жоғарыда «Разблокировать» жазуы тұрса, соны басып, `/start` жіберіңіз.
- **«Бот тоқтатылды» деген жазу** — `/start` басыңыз.

Telegram бөгелген ботқа хабарлама жеткізбейді, ал біздің жақта бұл қате болып көрінбейді: біз жіберген боламыз, Telegram оны тастап жібереді.

### 2. Чат ұйымға байланысқан ба

Бот сізді танымаса, ол қай ұйымның деректерін көрсететінін білмейді. Байланыстыру бір реттік код арқылы жүреді:

1. Кабинетте **Баптау** бөлімінен Telegram байланыстыру кодын аласыз
2. Оны ботқа жібересіз
3. Бот ұйымды растап, командалар жұмыс істей бастайды

Толығы: [Telegram ботын қосу](/kb/telegram-connect).

Ұйым бірнешеу болса, әр чат нақты бір ұйымға байланады. Бөтен ұйымның счёттарын көрсетуді сұрасаңыз, бот оны көрмейді.

### 3. Топта — құпиялық режимі

Telegram боттарында әдепкі бойынша **құпиялық режимі (privacy mode)** қосулы тұрады. Ол қосулы болса, бот топтағы хабарламалардың бәрін көрмейді — тек өзіне тікелей жолданғандарын көреді. Нәтижесінде `/today` сияқты командалар жауапсыз қалады.

Өшіру: BotFather → `/setprivacy` → ботты таңдау → **Disable**. Сосын ботты топтан шығарып, қайта қосу керек — өзгеріс жаңа қосылымда күшіне енеді.

Балама жол: командаларды ботты нақты атап жазу (`/today@qutpaybot`). Бұл құпиялық режимі қосулы кезде де істейді.

### 4. Топта — бот әкімші ме

Кейбір топ баптауларында әкімші емес қатысушылар хабарлама жаза алмайды. Бот та сол ережеге бағынады: ол хабарлама жіберуге тырысады, Telegram оны өткізбейді.

Ботты топқа қосқан соң, оған әкімші құқығын беріңіз немесе топ баптауында қатысушыларға жазуға рұқсат бар екеніне көз жеткізіңіз.

### 5. Хабарлама түрлері қосулы ма

Ескертулердің қай түрі келетіні кабинеттен реттеледі. Егер командалар істеп тұрып, автоматты ескертулер келмесе, себебі осында: сол түр өшірулі.

Кабинеттегі Telegram баптауынан керекті түрлерді қосыңыз да, сынау үшін sandbox-та бір счёт жасап, оны симуляциялаңыз.

## Командалар

| Команда | Не істейді |
|---|---|
| `/invoice` | Счёт жасау |
| `/today` | Бүгінгі есеп |
| `/last` | Соңғы счёттар |
| `/status` | Қызмет пен байланыс күйі |
| `/cancel` | Счётты болдырмау |
| `/support` | Қолдауға жазу |

Толық сипаттама: [Telegram бот командалары](/kb/telegram-bot-commands).

## Не істемеу керек

- **Басқа бот іздемеңіз.** Ресми бот — @qutpaybot. Ұқсас атаудағы боттарға кабинет кодын жібермеңіз.
- **Байланыстыру кодын чатқа тастамаңыз.** Ол — кіру құқығы. Топқа жіберсеңіз, кодты көрген кез келген адам ұйымыңызды байланыстыра алады.
- **Ботты webhook орнына пайдаланбаңыз.** Ескерту — адамға арналған, интеграция үшін webhook керек: [Webhook келмей жатыр](/kb/webhook-not-arriving).

## Жиі қойылатын сұрақтар

**Бір ұйымға бірнеше чат қосуға бола ма?** Иә. Әдетте бір топ бүкіл команда үшін, бөлек жеке чат иесі үшін болады.

**Бот кассирдің нөміріне қатысты ма?** Жоқ. Telegram байланысы Kaspi кассирінен мүлде бөлек. Кассир байланысы үзілсе, бот жұмысын жалғастырады — керісінше, ол сол туралы ескертеді.

**Топтан ботты шығарып жіберсем не болады?** Ескертулер тоқтайды. Қайта қосқан соң байланыстыру кодын қайта енгізу керек болуы мүмкін.

**Бот арқылы жасалған счёт қай кассир арқылы жүреді?** Ұйымның белсенді кассирі арқылы, кәдімгі счёт сияқты.

**Бот үндемейді, ал счёттар жасалып жатыр. Бұл қауіпті ме?** Қауіпті емес, бірақ ыңғайсыз: байланыс үзілген сәтті бірден білмей қаласыз. Ескертулерді қалпына келтірген жөн.

**Қолдауға қалай жазуға болады?** Боттан `/support` арқылы немесе басқа арналармен: [Қолдауға қалай жазу керек](/kb/support-how).
