Қысқаша
Төлем өтпей жатқанда уақытты кодты қазуға жұмсамаңыз. Үш сұраққа жауап берсеңіз, ақау қай жақта екені екі минутта белгілі болады: sandbox-та істей ме, кабинеттен қолмен счёт шыға ма, басқа кассирде істей ме. Бұл үшеуі мәселені үш бөлікке бөледі — сіздің кодыңыз, Kaspi байланысы, қызметтің өзі — әрі әрқайсысының шешімі бөлек.
Қосымша: GET /api/v1/status эндпоинті кілтсіз де жауап береді және қызметтің тірі екенін бір секундта көрсетеді.
Сұрақ 1. Sandbox-та істей ме
qp_test_ кілтке ауысып, дәл сол сұрауды қайталаңыз.
curl -i -X POST https://api.qut.kz/api/v1/invoices \
-H "X-API-Key: qp_test_СІЗДІҢ_КІЛТІҢІЗ" \
-H "Content-Type: application/json" \
-d '{"amount":1000,"description":"Диагностика"}'
| Нәтиже | Қорытынды |
|---|---|
| Sandbox-та істейді, live-та істемейді | Kaspi жағы: кассир байланысы, ұйым немесе тариф |
| Sandbox-та да істемейді | Сіздің жағыңыз: сұрау, кілт, өрістер |
Бұл ең маңызды сұрақ. Sandbox Kaspi-ге мүлде жүгінбейді — егер онда да қате келсе, Kaspi-нің қатысы жоқ, қате сұрауыңызда. Жауаптағы error кодын оқыңыз: 401 және 403 қателерінің бөлек беттері бар.
Сұрақ 2. Кабинеттен қолмен счёт шыға ма
Live режимде кабинетке кіріп, Счёттар бөлімінен қолмен бір счёт шығарыңыз.
| Нәтиже | Қорытынды |
|---|---|
| Қолмен счёт шығады | Kaspi байланысы тірі. Мәселе сіздің интеграцияңызда |
| Қолмен счёт та шықпайды | Kaspi байланысында немесе тарифте |
Бұл сұрақ кодты теңдеуден алып тастайды. Кабинет те, сіздің кодыңыз да сол бір жолмен жүреді: Qut Pay → Kaspi. Кабинеттен шықса, ол жол ашық деген сөз.
Қолмен де шықпаса, кабинеттегі Kaspi бөлімін ашыңыз: байланыс картасы белсенді ме, «Себебі» деген жол бар ма. Ең жиі кездесетіні — кассир нөмірімен біреу Kaspi Pay қосымшасына кіріп, сессияны үзгені.
Сұрақ 3. Басқа кассирде істей ме
Бірнеше кассир қосулы болса, екіншісі арқылы счёт шығарып көріңіз.
| Нәтиже | Қорытынды |
|---|---|
| Екінші кассирде істейді | Мәселе нақты сол бірінші кассирде |
| Екеуінде де істемейді | Мәселе ұйым деңгейінде: тариф, аккаунт, Kaspi жағы |
Бір кассирде ғана құласа, тексеретіндер: SIM белсенді ме, Kaspi Pay-де сол қызметкер әлі бар ма, рөлі «Кассир» күйінде тұр ма, сол нөмірмен біреу қосымшаға кіріп кетпеді ме.
Бір ұйымға бірнеше кассир қосу туралы: Бір ұйымға бірнеше кассир.
Қызметтің өз күйі
Үш сұраққа жауап бермес бұрын бір секундтық тексеру:
curl -s https://api.qut.kz/api/v1/status
Бұл эндпоинт API кілтсіз жұмыс істейді. Ол жауап берсе, қызмет тірі — яғни «сайттарыңыз құлап қалған ба» деген сұрақ жабылады. Жауап бермесе немесе ұзақ ойланса, мәселе біздің жақта, сіздің кодыңызды қазудың қажеті жоқ.
Бұл эндпоинтті мониторингіңізге қосып қойған дұрыс: сонда ақауды клиенттеріңіз хабарлағанша білесіз.
Нәтижені оқу кестесі
| Sandbox | Кабинеттен қолмен | Қорытынды | Бірінші әрекет |
|---|---|---|---|
| Істейді | Шығады | Интеграцияңызда: live кілт, режим, өрістер | Кілт пен режимді салыстырыңыз |
| Істейді | Шықпайды | Kaspi байланысы немесе тариф | Кабинет → Kaspi, сосын Тариф |
| Істемейді | Шығады | Сұрауыңызда: тақырып, өрістер, кілт | error кодын оқыңыз |
| Істемейді | Шықпайды | Аккаунт деңгейінде немесе қызметте | status эндпоинтін тексеріп, қолдауға жазыңыз |
Жиі шатасатын үш жағдай
Тест режимі қосулы қалып қойған. Sandbox-та бәрі тамаша істейді, счёттар жасалады, тек ақша ешқайда жүрмейді. Бұл ең жиі кездесетін «жалған ақау». Кілт qp_test_ деп басталса, сіз sandbox-тасыз.
Счёт жасалды, бірақ webhook келмеді. Бұл екі бөлек мәселе. Счёт жасалып тұрса, Kaspi байланысы тірі, ақау webhook жағында: адрес, қолтаңба, жауап коды.
Ақша келмеді деп ойлау. Ақша бізде ешқашан болмайды, ол тіке Kaspi шотына түседі. Тексеретін жер — Kaspi Pay: Счёт төленді, ақша түспеді.
Қолдауға не жинау керек
Диагностика жауап бермесе, қолдауға жазыңыз. Мыналарды қоса жіберсеңіз, жауап бірден нақты болады:
- Счёттың
id-і немесеexternalOrderIdмәні - Дәл уақыты, сағат-минутымен және уақыт белдеуін көрсетіп
- Қай режимде болғаныңыз: sandbox па, live пе
- Жауаптың толық мәтіні: HTTP коды және
errorөрісі - Кілттің алғашқы он таңбасы — толық кілтті ешқашан жібермеңіз
- Үш сұрақтың жауабы: sandbox-та істей ме, қолмен шыға ма, басқа кассирде істей ме
Байланыс арналары: WhatsApp +7 778 881 3333, Telegram @qutpaybot, email kazprose@gmail.com немесе кабинеттегі Қолдау бөлімі.
Жиі қойылатын сұрақтар
Kaspi жағында ақау бар-жоғын қайдан білемін? Тікелей көрсететін бет жоқ. Бірақ sandbox-та бәрі істеп, live-та бірнеше кассирде қатар құлап тұрса, себебі Kaspi жағында болуы ықтимал.
Диагностиканы live режимде жасауға бола ма? Иә, бірақ сынақ счёттарын жасағанда соманы кішкентай қойыңыз және артынан болдырмауды ұмытпаңыз.
Sandbox счёттары лимитке кіре ме? Жоқ. Sandbox счёттары айлық лимитке есептелмейді және сынақ мерзімін бастамайды.
status эндпоинті нені көрсетеді? Қызметтің жұмыс күйін. Ол сіздің нақты кассиріңіздің байланысы туралы айтпайды — оны кабинеттегі Kaspi бөлімінен көресіз.
Барлық үш сұрақ «істейді» десе, бірақ клиент төлей алмай жатса ше? Онда мәселе клиенттің жағында болуы мүмкін: QR терезесінің өтуі, қосымшаның ескі нұсқасы, интернет. Жаңа счёт жасап көріңіз.