Қысқаша
Kaspi арқылы төлем қабылдасаңыз, фискалды чек міндетті. Бірақ Kaspi Касса қосулы болса, қашықтан төлемде (Qut Pay арқылы шығарған счёт, сілтеме, телефонға счёт) чекті Kaspi өзі шығарады және клиенттің Kaspi қосымшасына жібереді — сізден бөлек әрекет талап етілмейді.
Чек беру міндеті — сатушыда, төлем сервисінде емес. Qut Pay ақшаны ұстамайды, сондықтан сіздің атыңыздан фискалды чек бере алмайды.
Қолма-қол ақша, басқа банктің POS-ы немесе басқа банк қосымшасының QR-ы бойынша чек автоматты жасалмайды — оны Kaspi қосымшасында қолмен жасайсыз.
Заң не дейді
Ережелер 2026 жылғы 1 қаңтардан күшіне енген Салық кодексінде (№ 214-VIII), ККМ-ге қатысты 110 және 111-баптарда. Чектің міндетті реквизиттері Қаржы министрлігінің № 626 бұйрығында.
Маңызды айырмашылық:
| Төлем түрі | Фискалды чек керек пе |
|---|---|
| Kaspi QR, телефонға счёт, карта, мобильді төлем | Иә |
| Банк шотына тікелей аударым (төлем тапсырмасы) | Жоқ |
Айыппұл: бірінші рет ескерту, жыл ішінде қайталанса шағын бизнеске 20-дан 40 АЕК-ке дейін. 2026 жылғы АЕК — 4 325 ₸, яғни шамамен 86 500-ден 173 000 теңгеге дейін.
Ең оңай жол: Kaspi Касса
Kaspi Pay бизнес-аккаунтында Kaspi Касса деген қызмет бар. Kaspi өз гидінде оның қосылуын да, қызмет көрсетуін де тегін деп көрсетеді. Қосылған соң ол Kaspi ОФД-да автоматты тіркеледі және Мемлекеттік кірістер комитетінде есепке қойылады — бөлек тіркеудің қажеті жоқ.
Ең бастысы: қашықтан төлемде чек автоматты жасалады және клиентке Kaspi қосымшасының «Хабарламалар» бөліміне жіберіледі. Яғни Qut Pay арқылы шығарған счётыңыз төленгенде чек өзі кетеді.
| Төлем қалай өтті | Чек |
|---|---|
| Kaspi Gold, Kaspi Red, Kaspi Kredit | Автоматты |
| Kaspi Pay шоты арқылы төлеу | Автоматты |
| Қашықтан төлем (сілтеме, телефонға счёт, QR) | Автоматты |
| Kaspi.kz дүкеніндегі тапсырыс | Автоматты |
| Қолма-қол ақша | Қолмен |
| Басқа банктің POS-ы немесе QR-ы | Қолмен |
Қолмен жасау: Kaspi қосымшасында «Чекті клиентке жіберу» батырмасын басасыз.
Қалай қосу керек
Kaspi Pay қосымшасы → Kaspi Касса → қосу. Толық нұсқаулық Kaspi гидінде: guide.kaspi.kz.
Қосылмауы мүмкін жағдайлар:
- сіз Kaspi Pay-де қосымша пайдаланушысыз — Kaspi Кассаны тек басшы, басқарушы немесе бухгалтер қоса алады;
- Kaspi Pay-де сату нүктеңіз жоқ;
- ЖК сенімхат бойынша ашылған, бірақ сіз Kaspi Pay-де басшы болып тағайындалмағансыз.
Осылардың біріне тап болсаңыз, Kaspi қолдауына жазыңыз — әр жағдай жеке қаралады.
Kaspi Кассаны қоса алмасаңыз
Онда бөлек бұлттық касса керек: Webkassa, re:Kassa және басқалары. Шартты өзіңіз жасайсыз, айлық ақысы шамамен 1 200-ден 3 000 теңгеге дейін. Ондай касса да ОФД арқылы жұмыс істейді және Мемлекеттік кірістер комитетінде тіркеледі.
Мұндай жағдайда бізге жазыңыз: сіздің касса аккаунтыңыздың кілтімен чекті автоматты соғатын интеграцияны жоспарлап отырмыз. Ол әдепкіде өшірулі болады — себебі келесі бөлімде.
Неге біз әдепкіде чек соқпаймыз
Егер сізде Kaspi Касса қосулы болса, Kaspi чекті өзі шығарады. Біз үстінен тағы соқсақ, бір төлемге екі фискалды чек кетеді. Одан шығатын зиян нақты:
- айналым жасанды өседі;
- ҚҚС пен арнайы салық режимінің шектеріне уақытынан бұрын жетесіз;
- декларацияда нақты түсіммен алшақтық пайда болады.
Kaspi Кассаның қосулы-қосулы емесін бізге API арқылы білу мүмкіндігі жоқ. Сондықтан бұл сұрақтың жауабы сізде: кабинетте Баптау бөлімінде Kaspi Касса күйін өзіңіз белгілейсіз.
Біздің чек беті — фискалды чек емес
Счёт төленгенде Qut Pay әр төлемге өз чек бетін жасайды: https://api.qut.kz/receipt/<счёт идентификаторы>. Онда дүкен атауы, заңды деректер, күні, қызмет атауы, тапсырыс нөмірі, сомасы және чектің реттік нөмірі көрінеді.
Бұл бет — төлем туралы растама, ККМ чегі емес. Оны:
- клиентке «төлем өтті» дегеннің дәлелі ретінде беруге болады;
- өз есебіңізде ыңғайлы сілтеме ретінде пайдалануға болады;
- фискалды чектің орнына салық органына ұсынуға болмайды.
Екеуін шатастырмаңыз: фискалды чек ОФД арқылы өтеді, сіздің ККМ-іңіздің деректемелері болады. Біздің чек бетінде ол деректемелер жоқ. Толығы: Чектер және оларды клиентке жеткізу.
Не істеу керек, қысқаша
- Kaspi Pay қосымшасынан Kaspi Кассаны қосыңыз.
- Кабинет → Баптау → фискалды чек бөлімінде оны қосқаныңызды белгілеңіз.
- Ұйым деректеріңіз толық екенін тексеріңіз: Ұйым деректерін толтыру.
- Бір нақты төлем жасап, клиентке чек келгенін өз көзіңізбен көріңіз.
- Қоса алмасаңыз, бізге жазыңыз — бөлек касса нұсқасын қараймыз.
Жиі қойылатын сұрақтар
Qut Pay арқылы төлем қабылдасам, чек өзі кете ме? Kaspi Касса қосулы болса — иә, Kaspi оны қашықтан төлем ретінде өңдеп, чекті клиенттің қосымшасына жібереді. Қосылмаған болса — жоқ, чек шықпайды.
Sandbox счёттарына чек шыға ма? Жоқ. Sandbox-та нақты ақша жүрмейді, Kaspi мүлде шақырылмайды. Біздің чек беті сандбокста жасалуы мүмкін, бірақ онда SANDBOX белгісі тұрады.
Клиент чекті таппай жатыр. Ол Kaspi қосымшасының «Хабарламалар» бөлімінде. Сіздің төлем растамаңыз бөлек — оның сілтемесін өзіңіз жібере аласыз.
Екі касса қатар жұмыс істей ме? Техникалық жағынан — иә, бірақ ол бір төлемге екі чек беріп, есебіңізді бұзады. Біреуін ғана қалдырыңыз.
Бұл бет салықтық кеңес пе? Жоқ. Бет ақпараттық сипатта. Күмәнді жағдайда бухгалтеріңізбен немесе Мемлекеттік кірістер комитетімен нақтылаңыз. Сұрағыңыз бізге қатысты болса: Қолдауға қалай жазу керек.