Қысқаша
Қосу екі бөліктен тұрады. Алдымен Kaspi Pay қосымшасында (веб-кабинет емес) Настройки → Сотрудники → Добавить сотрудника, рөлі «Кассир». Сосын сол нөмірмен бір рет кіріп активация жасайсыз да, қосымшадан шығып кетесіз. Содан кейін кабинетте атауын жазып «Кассир қосу» дейсіз, нөмірді енгізесіз, SMS кодын алып «Растау» дейсіз. Бәрі 2-3 минут. Байланыстырған соң ол нөмірмен Kaspi Pay-ге кірмейсіз.
Бастамас бұрын
Нөмірді тексеріп алыңыз — қосудағы кедергілердің барлығы дерлік осыдан шығады. Үш шарт: нақты SIM, SMS қабылдайтын; нөмір иесінің ЖСН-іне Kaspi Pay-де ЖК/ЖШС тіркелмеген және иесі кәмелетке толған; нөмірде тек «Кассир» рөлі. Толығы: Кассир нөміріне қойылатын үш шарт.
Кассир нөмірі тұрған телефон қолыңызда болсын: SMS коды шамамен бір минут қана жарамды, ал бүкіл процесс бір терезе — шамамен он минут.
1-бөлім. Kaspi Pay қосымшасында
- Kaspi Pay қосымшасын ашыңыз. Дәл қосымша керек — веб-кабинеттен қызметкер қосылмайды.
- Настройки бөліміне кіріңіз.
- Сотрудники → Добавить сотрудника
.
- Кассир нөмірін енгізіңіз.
- Рөлін «Кассир» етіп қойыңыз. Kaspi-дегі бес рөлдің (Управляющий, Бухгалтер, Кассир, Менеджер Магазина, Менеджер Маркетинга) тек осысы жарайды: QR арқылы төлем қабылдау құқығы «Кассир»-де ғана.
- Сақтаңыз.
2-бөлім. Нөмірді активациялау
Жаңа қызметкер Kaspi-де бірден белсенді болмайды. Сол нөмірмен Kaspi Pay-ге бір рет кіріп, активациядан өтіңіз де, қосымшадан шығып кетіңіз.
Бұл — қосымшаға кіретін жалғыз сәт. Осыдан кейін сол нөмірмен Kaspi Pay-ді ашпаңыз: Kaspi бір кассирге бір ғана белсенді құрылғыға рұқсат береді, ал қосымшаға кірсеңіз біздің байланыс үзіледі.
3-бөлім. Кабинетте байланыстыру
- Kaspi кассирлері бөліміне кіріңіз.
- Байланысқа атау беріңіз — мысалы, «Негізгі кассир» немесе «Абылай көшесіндегі нүкте». Бұл атау тек сізге, ажырату үшін.
- Кассир қосу батырмасын басыңыз.
- Кассир нөмірін енгізіп, SMS жіберуді сұраңыз.
- Нөмірге келген кодты жазып, Растау дейсіз.
Байланыс картасы белсенді күйге көшеді. Енді счёт жасауға болады — кабинеттен қолмен де, POST /api/v1/invoices арқылы да.
Қосылғаннан кейін
- Ол нөмірмен Kaspi Pay-ге кірмеңіз. Ең маңызды ереже. Нөмір басқа адамдікі болса, оған да ескертіңіз.
- SIM белсенді болсын. Оператор нөмірді өшірсе, байланыс жұмысын тоқтатады.
- Кассир нөмірі клиентке көрінеді. Kaspi счёт туралы хабарламада оны көрсетеді — бұл Kaspi-дің қалыпты жұмысы.
- Кабинетке кассир нөмірімен кірмейсіз. Кабинетке өз жеке нөміріңізбен кіресіз.
- Кілтті кассирге байлауға болады. Сонда сол кілттің live счёттары тек осы кассир арқылы жүреді, басқа кассирдің счёттарын көрмейді.
Қандай қателер болуы мүмкін
| Не көріп тұрсыз | Себебі |
|---|---|
| Kaspi пароль немесе видеоверификация сұрайды | Нөмір жарамайды — басқа нөмір керек |
| ЖСН сұрайды немесе «нөмір табылмады» | 1-бөлім жасалмаған: нөмір «Сотрудники» ішінде жоқ |
| SMS келмейді | SIM өшік, нөмір қате, немесе Kaspi уақытша шектеген |
| Кодты енгізсем қабылдамайды | Код өтіп кеткен, жаңасын сұраңыз |
Әрқайсысының толық шешімі: Кассир қосылмай жатыр — себебі және шешімі.
Кассирсіз де бастауға болады
Қосуды кейінге қалдырғыңыз келсе, sandbox режимінде кассир мүлде керек емес. Интеграцияны толық жазып, webhook-ты сынап, счёттардың өңделуін тексеріп қоясыз. Sandbox сынақ мерзімін бастамайды — ол бірінші нақты счёттан басталады.
Жиі қойылатын сұрақтар
Қанша уақыт алады? Нөмір дұрыс таңдалса — 2-3 минут. Уақыттың көбі нөмірді таңдауға кетеді, байланыстырудың өзіне емес.
Бірнеше кассир қосуға бола ма? Иә. Әр кассир — жеке байланыс, жеке нөмір. Біреуі үзілсе, қалғандары жұмысын жалғастырады.
Кассирді өшірсем не болады? Жаңа счёттар сол кассир арқылы жасалмайды. Бұрын төленген счёттар мен есептер орнында қалады.
Kaspi Pay қосымшасында «Сотрудники» бөлімін көрмей тұрмын. Ол бөлімге кіру құқығы аккаунт иесінде немесе тиісті рөлі бар адамда болады. Kaspi Pay-ге бизнес аккаунтының иесі ретінде кіргеніңізді тексеріңіз.
Нөмірді кейін ауыстыруға бола ма? Иә. Kaspi Pay-де жаңа нөмірге «Кассир» рөлін ашасыз да, кабинеттен қайта байланыстырасыз. API кілттеріңіз бен webhook баптауларыңыз өзгермейді.